Көру талдағышының қызметін зерттеу әдістері.

а) Көздің жітілігін (өткірлігін) анықтау.

Көздің анықтап қарайтын заттың өте ұсақ бөлшектерін жете айыру қабілетін көру жітілігі (өткірлігі) деп атайды. Оны көз айыра алатын, яғни біртұтас емес, бөлек көрінетін нүктелердің арасындағы ең кіші қашықтық бойынша анықтайды. Қалыпты көз бір тік бұрыш астындағы көрінетін екі нүктені айыра алады. Көздің өткірлігі торлы қабықтың орталығында- сары дақта өте жоғары болады.

Жұмысты орындау: Көздің жітілігі әр түрлі көлемді 12 қатар әріптерден немесе тұйықталмаған шеңберлерден тұратын арнаулы кестенің (Сивцев кестесі) көмегімен анықталады. Әрбір қатардың тұсында сан жазылады, ол қалыпты көздің осы қатардағы әріптерді дұрыс айыратын қашықтығының метрлік көрсеткіші. Бұл кесте жарығы жақсы немесе электр шамы жағылған бөлменің қабырғасына ілінеді.

Зерттелуші адамды, бір көзін арнаулы қалқаншамен жауып, кестеден 5 метр қашықтықта отырғызады. Сонан кейін адамға көрсеткіш таяқшамен көрсетілетін әрбір қатардағы әріптерді атауды сұрайды. Анықтауды жоғары қатардан бастап төмен қарай жүргізеді де, адамның 2-5 с ішінде әріптерді дұрыс және анық көретін қатарын табады.

Егер зерттелуші адам 10-шы қатардағы әріптердің бәрін анық көретін болса, оның көзінің жітілігі 1-ге тең болады, бұл қалыпты көру жітілігі. Егер көздің жітілігі басқаша болса, онда ол Снеленн формуласы бойынша есептеліп шығарылады.

d

V =- - - - ,

D

мұнда V - көру жітілігі;

d - зерттелушінің кестеден тұрған қашықтығы (5м);

D - осы қатардың әріптерін қалыпты көзбен көретін қашықтық (ол сан әрбір қатардың сол жағында жазылған).

Осы әдісті қолданып екінші көздің де көру жітілігін анықтау керек.

б) Көз шалымын анықтау (периметрия).



Көзді бір нүктеге тоқтатқанда көрінетін кеңістікті көздің шалымы деп атайды. Көз шалымының шекарасын өлшеу үшін периметр (Форстер периметрі) деген аспап қолданылады.

Көздің шалымы әр алуан түстерге бірдей емес, ол түссіз заттарға өрісті келеді. Көк және сары түстерге ол әжептәуір кіші, қызыл түске одан да аз,ал жасыл түс үшін көздің шалымы сыртқа қарай тек 30 градусқа дейін жетеді.

Түрлі түсті тест-объекттермен 4 меридиандарда анықталған көз шалымының қалыпты шекарасы.

20- кесте

Тест-объекттің түсі Көз шалымының шекарасы (градус)
Сыртқы Төменгі Ішкі Жоғарғы
Ақ (түссіз) Көк Қызыл Жасыл

Адамның екі көзінің шалымы аз да болса да тең болады, оның кеңістіктің тереңдігін байқауға зор маңызы бар.

Жұмысты орындау: Зерттелуші адам иегін периметр штативінің тіреуіне қойып, жарыққа қарсы арқасын беріп отырады. Тіреудің биіктігін штативтің жоғарғы шеті көз алмасының астына дәл келетіндей етіп орналастыру керек. Сонан кейін зерттелуші периметрдің ортасында орналасқан ақ нүктеге бір көзін тігеді де, екінші көзін жұмады. Периметрдің доғасын көлденең қалыпта орналастырып, өлшеуді бастайды. Ол үшін соңында ақ таңбасы бар таяқшаны периметрдің ішкі бетімен 90 градустан (сыртқы жақтан) О-градусқа (ішкі жаққа) қарай баяу жылжытады да, зерттелушінің, көзін қозғалтпай қараған кездегі, осы белгіні алғашқы байқау бұрышын белгілейді, оны жазып алады.



Көз шалымының шекарасын дәлірек анықтау үшін периметрдің бірнеше меридианаларында анықтауға болады: көлденең (сыртқы және ішкі) және тіке (жоғарғы және төменгі). Сонымен қатар, ақ таңбалы таяқшаның орнына түрлі түсті таңбасы бар (көк, қызыл, сары, жасыл және т.б.) таяқшалар қолданып, осы әдіспен адамның түрлі түсті көз шалымын анықтауға болады.

Зерттеудің нәтижесі бойынша әр көздің шалым шекарасын анықтап, оның периметрлік бейнесін қалыпты жағдаймен салыстыру керек.

в) Түрлі түсті көруді зерттеу.

Кейбір түсті ажырату кемістігін, жартылай түсті танымау - тұңғыш рет осындай кемістіктен зардап шеккен ағылшын физигі Д. Дальтон сипаттап жазды. Сондықтан аса көп таралған түсті түйсіну аномалиясы (ауытқушылығы) осы ғалымның есімімен "дальтонизм" деп аталған.

Түсті ажыратуды анықтау үшін адамға түрлі түсті (полихроматикалық) кестелерді (Е.Б.Рабкин) көрсетеді немесе әр түсті заттардың ішінен түсі бірдей заттарды таңдап алуын тексереді. Зерттелуші адамға 1 м қашықтықтан 5 с ішінде жеке-жеке 25 таблица көрсетеді, ол әрбір таблицада қандай фигура немесе сан бейнеленгенін айту керек. Сонда қалыпты көруші және түрлі түсті ажырататын адам (трихроматтар) дұрыс анықтайды.

г) Аккомодация көлемін анықтау

Әр түрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін анық көру қабілетін аккомодация дейді. Аккомодация көз бұршағының жарық сындыру қабілетінің өзгеруі негізінде іске асады.

Жұмысты орындау: аккомодация мөлщерін анықтау үшін зерттелуші адам сыңар көзімен таблицадағы ең ұсақ шрифті оқи алатын ең жақын қашықтықты анықтайды да, формула бойынша аккомодация көлемін шығарады. А= 1/ L, мұндағы А- аккомодация мөлшері, L – метр өлшемімен көрсетілген шрифті оқи алу қашықтығы. Қалыпты жағдайда аккомодация мөлшері А= 1/ L=10 Д.

д) Сфералық аберрацияны көрсету

Көз бұршағының шетінен өткен сәулелер оның ортасынан өткен сәулеге қарағанда күштірек сынады. Мұны сфералық аберрация деп атайды.

Жұмысты орындау: сфералық аберрацияны байқау үшін бір көзді жұмып, екінші көзге саусақты немесе қаламды ол бұлдырап кеткенше біртіндеп жақындатады. Содан кейін көз бен заттың (қаламның) арасының дәл ортасына кішкентай ғана тесігі бар диаметрі 0,5- 1 мм қара қағазды қояды. Сонда тесік арқылы заттың бейнесі қайтадан анық көрінетін болады, себебі торлы қабыққа көз бұршағының ортасынан өткен сәулелер ғана түседі.


8692338267264093.html
8692436302328260.html

8692338267264093.html
8692436302328260.html
    PR.RU™